Экономика

Қарағанды облысында жұмыссыздық азайды

Қарағанды облысында жұмыссыздар саны қысқарды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жұмыссыздық деңгейі 4%-ға дейін төмендеді, бұл былтырғы көрсеткіштен 0,2%-ға аз. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар аппараттық жиында мәлімдеді, деп хабарлайды dailykz.

Жыл басынан бері 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамту бойынша қолдау алды, олардың шамамен 19 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Соның ішінде 7,5 мыңға жуығы – жастар.

«Биыл барлығы 48 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Төлеу Мұхтар.

Өңірде “Алтын Жас”, “Күміс жас”, “Алғашқы жұмыс орны” сынды жобалар іске асуда. Мысалы, “Алтын Жас” аясында зейнет жастағы 530 адам жұмысқа тұрды (жоспар – 400). Мұндай қызметкерлердің жалақысының жартысына дейін, бірақ 85 мың теңгеден аспайтын мөлшерде, мемлекеттен өтемақы беріледі.

Кәсіпкерлікке қызығушылық та артып келеді. “Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша 1,1 мыңнан астам тұрғын оқудан өтті. Қазірдің өзінде 91 грант берілді (жалпы сомасы 143 млн теңгеден асады). Тамыз айында екінші кезең басталып, 134 әлеуметтік осал азамат өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады.

Биыл 857 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс тапты, олардың қажеттіліктеріне толық бейімделген 14 арнайы жұмыс орны құрылды. Жазда 1 329 студент пен жоғары сынып оқушысы уақытша жұмысқа орналасты.

Облыста кәсіби бағдар беру сервисі — “Мансап компасы”, ал әлеуметтік осал топтар үшін Jumys Tap жобасы іске қосылды. Онда оқу курстары мен кеңестер беріледі. Жыл басынан 490 адам қысқа мерзімді оқудан өтсе, 2,5 мыңға жуық тұрғын SkillsEnbek онлайн платформасында білім алды.

Аким Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс орындарын құру – өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button