Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды DailyKZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мәскеуде жоғары деңгейде қарсы алу рәсімі өтті
Мәскеудегі «Внуково-2» әуежайында мемлекет басшысын қарсы алу салтанаты өтті. Құрмет қарауылының ротасы мен Мәскеу гарнизонының әскери оркестрі сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Қазақстан Президентін Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров және өзге де ресми тұлғалар күтіп алды.
Президент ұшағын Су-35 ұшақтары сүйемелдеді
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Президентінің ұшағы Ресей аумағына кірген сәттен бастап Мәскеуге қонғанға дейін Ресей Қорғаныс министрлігінің Су-35 жойғыш ұшақтары тарапынан сүйемелденді.
Сапар бағдарламасы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары 11–12 қараша күндері өтеді. Сапар аясында Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар, Тоқаев бейнебайланыс арқылы Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлейді.


