Қазақстан үздік үштікте: бір айлыққа қанша бесбармақ пісіруге болады

Қазақстан «бесбармақ рейтингі» бойынша ТМД елдері арасында үздік үштікке енді. Сарапшылардың есебінше, еліміздегі орташа жалақыға бірден 36 үлкен порция ұлттық тағам әзірлеуге жетеді, деп хабарлайды dailykz.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы жылдық инфляция 11,8% деңгейіне жетті. Шілде айында азық-түлік бағасы бір айда 0,7%-ға өскен.
Бағаның тұрақты қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетіне кері әсер етеді. Өйткені жалақы өзгермесе, әр ай сайын бірдей ақшаға азық-түліктің мөлшері азая береді.
Рейтинг қалай жасалды?
Есептеулер үшін алты адамға арналған бір порция бесбармақ алынды. Оның бағасы сиыр еті, ұн, жұмыртқа, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз және күнбағыс майының орташа нарықтық бағасына сүйеніп есептелді.
Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандықтар үшін алты адамдық бесбармаққа қажет сиыр етінің құны шамамен 9 090 теңге, ал барлық өнімдерді қосқанда тағамның жалпы бағасы 9 677 теңгені құрайды.
Қазақстан – үшінші орында
Орташа жалақы мен бір порция бесбармақтың құнын салыстырғанда, айлыққа 36 порция жасауға болады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдерінде үшінші орында тұр.
Бірінші орында – Беларусь (41 порция, бағасы 7 896 теңге), екінші орында – Ресей (37 порция, бағасы 12 343 теңге).
Қалған елдердегі жағдай:
- Армения – 17 порция (16 142 теңге);
- Әзербайжан – 17 порция (14 687 теңге);
- Өзбекстан – 17 порция (10 762 теңге);
- Қырғызстан – 9 порция (12 638 теңге);
- Тәжікстан – 6 порция (14 304 теңге).
Сарапшылардың қорытындысы бойынша, Беларусь пен Ресей бесбармақтың қолжетімділігі бойынша көш бастап тұр. Қазақстан да бұл тізімде жоғары орында. Ал өзге елдерде бесбармақ күнделікті ас емес, қонаққа арналып, қымбатқа түсетін тағам саналады.
Еске сала кетсек, бұған дейін сарапшылар Қазақстанда үйде тамақ пісіру қаншалықты қымбаттағанын есептеген еді. Сондай-ақ, жалақы мен шығындарды өзге мемлекеттермен салыстырған зерттеулер де жүргізілген.
Қазақстанда бір айлыққа 36 порция бесбармақ әзірлеуге болады – бұл ТМД бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.