Қазақстан тіркелген жұмыссыздықта ЕАЭО-да алда, жалпы деңгейде Армения алға шықты

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың маусым айының соңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерде халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны 710 мың адамды құрады. Бұл жұмыс күшінің 0,8%-ына тең және өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға азайған, деп хабарлайды dailykz.
Тіркелген жұмыссыздық бойынша Қазақстан бірінші орында
ЕЭК мәліметінше, тіркелген жұмыссыздық деңгейі Қазақстанда ең жоғары – 334,7 мың адам немесе жұмыс күшінің 3,3%-ы. Екінші орында Армения – 3,1%, кейін Қырғызстан – 2,1%, Ресей – 0,5% және Беларусь – 0,1%.
Бұл деректер тек ресми тіркелген жұмыссыздарға қатысты. Мұндай азаматтар жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген және әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Жалпы жұмыссыздықта Армения көште
Ал егер жұмыссыздардың жалпы санын, яғни ресми тіркелмегендерін де есепке алсақ, Қазақстан алғашқы орында емес. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) әдістемесі бойынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында елде 451 515 адам (15 жастан жоғары) тұрақты табысы жоқ, белсенді түрде жұмыс іздеген және жақын арада жұмысқа шығуға дайын болған. Бұл – жұмыс күшінің 4,6%-ы.
Салыстырмалы түрде, Арменияда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары – 13,9% (2025 жылдың I тоқсаны). Қырғызстанда – 3,7% (2024 жыл), Беларусьте – 2,6% (2025 жылдың II тоқсаны), Ресейде – 2,3% (2025 жылдың I тоқсаны). Ал ЕАЭО бойынша орташа деңгей – 2,8%.
Контекст
Мамандардың айтуынша, тіркелген жұмыссыздық пен ХЕҰ әдістемесі бойынша есептелетін жалпы жұмыссыздық арасындағы айырмашылық айтарлықтай. Өйткені көп азамат ресми органдарға жүгінбейді, сондықтан олардың нақты саны статистикада көрінбейді.