Қазақстан туы Нью-Йорктегі Уолл-стритте көтерілді

Қазақстан туы Нью-Йоркте көтерілді — Америка Құрама Штаттарының қаржы орталығы саналатын Уолл-стритте еліміздің мемлекеттік туын көтеру және Нью-Йорк мэриясының ресми прокламациясын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды dailykz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл шара Қазақстан Республикасының Республика күніне орай ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге Нью-Йорк мэриясының өкілдері, дипломатиялық корпус, БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығының қызметкерлері, сондай-ақ қазақ диаспорасы мен АҚШ-та білім алып жүрген жастар қатысты.
Нью-Йорк мэриясы Қазақстанға құрмет көрсетті
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, биылғы шараның ерекше мәні — Нью-Йорк мэриясының ресми прокламациясы болды. Құжатта 25 қазан — Республика күніне орай «Қазақстан мұрасы күні» (Kazakhstan Heritage Day) деп жарияланды.
Бұл акт Нью-Йорк мэрі Эрик Адамстың атынан қол қойылып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы достықтың, өзара құрмет пен серіктестіктің нышаны ретінде қабылданды. Сонымен қатар, ол қазақ қауымдастығының қала мәдениеті мен қоғамдық өміріндегі үлесін мойындаудың белгісі болды.
Қазақ диаспорасының еңбегі атап өтілді
Шара барысында Нью-Йорк қаласы әкімшілігінің халықаралық істер жөніндегі арнайы кеңесшісі Чарльз Даймонд сөз сөйлеп, қазақ диаспорасының мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әрі қарай да дамитынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулы Рауан Төлеулин мэрияға алғыс білдіріп, прокламацияның жариялануы қазақ қауымына деген жылы ниет пен достықтың көрінісі екенін айтты.
«Бұл қадам — Нью-Йорк қаласының қазақ диаспорасына деген құрметі мен қолдауының айқын дәлелі», — деді ол өз сөзінде.
Республика күні туралы
Республика күні — Қазақстандағы басты ұлттық мереке. Бұл күн 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияға арналған.
Еске сала кетейік, 2009 жылы бұл мейрам ресми мерекелер тізімінен алынған еді.
Алайда 2022 жылы маусым айында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан ұлттық деңгейде атап өтуді ұсынған болатын.
Кейін сол жылы қыркүйекте Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, Республика күні — 25 қазан ұлттық мереке мәртебесін қайта алды.



