Қазақстанда ауылдық мамандарға арналған ипотека мөлшерлемесі 100 есе өсті

Қазақстанда бірнеше жыл бойы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Оның аясында белгілі бір саладағы дипломы бар мамандар ауылдық жерлерге қоныс аударып, мемлекеттен қолдау ала алады.
Бағдарламаның басты шарты – тек ауылға көшу ғана емес, сол жерде кемінде 3 жыл тұрып, жұмыс істеу. Мұндай талапқа келіскен қазақстандықтар мынадай көмектерге үміт арта алады:
- Көтерме ақы – 100 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы бұл 393 200 теңге);
- Тұрғын үйге бюджеттік несие – аудан орталықтарында 2 500 АЕК-ке дейін (9 830 000 теңге) және басқа ауылдық елді мекендерде 2 000 АЕК-ке дейін (7 864 000 теңге).
Ипотека шарттары өзгерді
Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, тұрғын үй несиесінің мөлшерлемесі 0,01%-дан 1%-ға дейін көтерілді, яғни 100 есе өсті.
Дегенмен, бұл көрсеткіш елдегі басқа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалармен салыстырғанда әлі де өте төмен.
Мұндай несиеге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен және мемлекеттік басқару салаларындағы дипломы бар мамандар қол жеткізе алады.
Жаңа ереже қашан күшіне енеді?
Министрліктің жаңа бұйрығы 2025 жылғы 18 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, бүгінде банктердің нарықтық ипотекалары бойынша сыйақы мөлшерлемесі 25%-ға дейін жетеді, ал жақын уақытта бұл «шекті мөлшер» 20%-ға дейін төмендеуі тиіс.