Қазақстанда ет бағасының қымбаттау себебін АШМ түсіндірді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстандағы ет бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, негізгі факторлардың бірі – жоғары экспорт көлемі.
“Қазір экспорт екі есе артқан, бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етеді. Дегенмен, ет қоры жеткілікті – өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет бар. Дефицит жоқ, тек импорттаушылар тарапынан бағаға қысым байқалады”, – деді ол.
Сұлтановтың сөзінше, еттің өзіндік құнына да назар аудару қажет. Қарапайым шаруашылықтарда бір келі етті өндіру шығыны 1 800–1 900 теңгені құраса, базардағы баға 3,5 мың теңгеден басталады. Бағаның төмендеуі мал азығының қолжетімділігіне байланысты болмақ.
Вице-министр атап өткендей, егер баға әрі қарай өссе, әкімдіктерде оны реттеуге қажетті тетіктер бар, әзірге олар қолданылып отырған жоқ.
Бұған дейін Сауда министрлігі де елде ет тапшылығы жоқ екенін, дүкендердегі негізсіз үстеме бағамен күрес жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Ал қазақстандықтар соңғы уақытта қымбаттауға байланысты сиыр еті мен қой етін азайтып, жылқы еті мен тауық етіне көбірек көше бастаған.