Қазақстанда негізгі азық-түлік бағасы бойынша көшбасшы өңірлер

Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің бағалары аймақтар бойынша әртүрлі өсіп жатыр: Жезқазған қаласында сары май мен қырыққабат рекордтық деңгейге жеткен, Алматыда тұз бен нан қымбаттап, Семейде пияз бағасы жоғары, ал Көкшетауда сиыр еті ең қымбат сатылып жатыр. Толығырақ dailykz сайтынан оқи аласыздар.
Қазақстандағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары арасында да «баға рекордшылары» бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елде жыл ішінде ең қатты қымбаттаған өнімдер:
- Күнбағыс майы – 29,3% өскен;
- Ақ қырыққабат – 27,8%;
- Тұз – 24,7%;
- Сиыр етінің жауырын және төс бөлімі – 24,5%;
- Пияз – 16,2%.
Алайда бағалардың өсуі барлық аймақтарда бірдей емес. Орташа бағаға сүйенсек, қаладан қалаға айтарлықтай айырмашылық бар.
Мысалы, қырыққабаттың орташа бағасы 1 кг үшін 163 теңге болса, Жезқазғанда ол 234 теңгеден сатылады. Яғни, бір жыл ішінде бұл қалада қырыққабат 34,5% қымбаттаған. Сол сияқты, Жезқазғанда күнбағыс майының литрі 928 теңге – бұл өткен жылмен салыстырғанда 41% жоғары.
Басқа өнімдерде де жағдай ұқсас. Алматыда тұз 1 кг үшін 109 теңгеден сатылып, бұл орташа Қазақстан бағасынан (84 теңге) айтарлықтай қымбат. Бір жылда мегаполисте тұз 36,3% өскен.
Пияздың орташа бағасы Қазақстан бойынша 141 теңге болса, Семейде оны 186 теңгеден сатады – 2024 жылмен салыстырғанда 40,9% жоғары.
Көкшетау қаласы әлеуметтік маңызды сиыр етінің ең қымбат сатылатын жері болып отыр – 1 кг үшін 3 469 теңге, ал ел бойынша орташа баға 3 176 теңге. Бұл қалада бір жылда баға 29,1% өскен.
Алматы қаласы «әлеуметтік нан» бағалары бойынша да ерекшеленді. Ел бойынша нан бағасы 1 жыл ішінде орта есеппен 2,9% арзандағанымен, мегаполисте баға 56% ұлғайған. Орташа есеппен 1 кг нан 208 теңге болса, кейбір қалаларда 200 теңгеден төмен, Алматыда 273 теңге. Баға 1 кг деп көрсетілгенімен, іс жүзінде мұндай нан жарты килограммдық «кірпіш» түрінде сатылады.
Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бәрі бірдей қымбаттаған жоқ – кейбір тауарлар арзандаған да. Орта есеппен жыл ішінде баға 9,7% өскен.
Сондай-ақ, Қазақстанда ұзақ уақыттан кейін гречка бағасы қымбаттай бастады. Бұл үрдіс бірнеше айдан бері байқалып отыр.
Еске сала кетейік, негізгі азық-түлік бағалары мемлекет тарапынан қадағаланады. Егер сатушылар өнімнің бағасын шамадан тыс көтерсе, оларға айыппұл салынуы мүмкін.
Алайда әлеуметтік маңызды азық-түлік пен оның «қалыпты» аналогтарын шатастырмау керек. Өнімнің әлеуметтік маңызға сәйкес келетінін қалай анықтау керегін біз бұған дейін түсіндірген болатынбыз.