Қазақстанда орташа жалақының жаңа деректері белгілі болды

2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 429 368 теңгені құрады. Осы үш айда ол 4,3%-ға төмендеді, деп хабарлайды dailykz. Журналисттер ең жоғары көрсеткіш қай өңірде екенін анықтады.
Жалақы статистикасы
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда 3,8 млн адам жұмыс істеген. Оларға үш айда жалпы 4,9 трлн теңге төленген, яғни бұл – еңбек ақы қоры.
Сонымен, бір қызметкерге шаққандағы айлық орташа номиналды жалақы 429 368 теңге деңгейінде болды. Бұл сомаға лауазымдық жалақылармен бірге қосымша төлемдер, үстемақылар, премиялар және басқа да төлемдер салықтар мен әлеуметтік аударымдарды есепке ала отырып қосылған.
Айта кетейік, көрсеткіш кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қоспағанда есептелген. Барлық кәсіпорындарды ескере отырып статистика әдетте кейін жарияланады.
Өткен тоқсанмен салыстыру
- 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда – 4,3% төмендеу
- Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 10% өсу
Шынайы көрсеткішпен, инфляцияны ескерсек, төмендеу 6,7%, ал жылдық өсім – 2%.
Қай салаларда ең жоғары жалақы
Жалақы деңгейі экономикалық қызмет түріне байланысты айтарлықтай ерекшеленеді:
- Қаржы және сақтандыру саласы – 883 611 теңге
- Ақпарат және байланыс саласы – 818 114 теңге
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 637 570 теңге
Сонымен қатар, тау-кен өндірісі мен карьерлерді өңдеу саласында айлық орташа жалақы 922 274 теңге болған. Өнеркәсіп саласының орташа көрсеткіші – 622 371 теңге.
Ал ең төменгі орташа жалақы білім саласында – 290 891 теңге.
Өңірлер бойынша жалақы
Ең жоғары орташа айлық жалақы тіркелген өңірлер:
- Маңғыстау облысы – 606 125 теңге
- Атырау облысы – 602 752 теңге
- Астана – 569 647 теңге
Содан кейін:
- Ұлытау – 554 277 теңге
- Алматы – 546 261 теңге
- Шымкент – 336 678 теңге
Ең төмен орташа жалақы – Түркістан облысында – 288 690 теңге.
Медианалық жалақы
Қазақстанда әр тоқсан сайын медианалық жалақы да жарияланады. Бұл көрсеткіш қызметкерлерді жалақы мөлшеріне қарай қатарға тізіп, ортасын бөліп тұрған сома болып табылады. 2025 жылдың екінші тоқсанында медианалық жалақы – 316 152 теңге.
Орташа жалақы Қазақстанда Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Алайда көбінесе қазақстандықтар айына 200–300 мың теңге алады. Ал 12 мың адамның айлық жалақысы 3 млн теңгеден асады.
Бұған дейін біз хабарлағандай, жұмыс берушілер ұсынатын медианалық жалақы – 268 970 теңге, яғни орташа жалақыдан бір жарым есе төмен.




