Қазақстандық автотасымалдаушылар Ресейде болу мерзімін бұрынғы қалпына келтіруі мүмкін

Қазақстан мен Ресей өкілдері автотасымалдау саласындағы мәселелер мен көлік байланысын талқылады, деп хабарлайды dailykz ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің ресми сайтында хабарланғандай, Астанада Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның отырысы өтті. Кездесуде көтерілген маңызды тақырыптардың бірі – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей аумағында қазақстандық жүргізушілердің болу мерзімінің қысқаруы болды.
«Жаңа ережелерге сәйкес, Ресейде шетелдік азаматтардың тіркеусіз болу мерзімі бір жыл ішінде 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды. Ресей тарапы халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық жүргізушілер үшін бұрынғы – 180 күндік мерзімді қайта қалпына келтіруге ықпал етуге дайын екенін білдірді», – делінген министрлік хабарламасында.
Теміржол және транзит бағыттарындағы жаңа жоспарлар
Кездесуде, сондай-ақ, Достық – Мойынты учаскесінде қыркүйек айында қос жолдың іске қосылуына және Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша транзит көлемінің артуына байланысты теміржол тасымалдарын ұлғайту мәселесі талқыланды.
Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық өткізу бекеттерінен өтетін жүк көлемін бірлесіп бағалау, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге келді. Бұл қадам екі ел арасындағы және транзиттік бағыттардағы жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді.
Ресейдегі жаңа көші-қон ережелері
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде шетелдіктердің ел аумағында болу мерзімі бір жыл ішінде барлығы 90 тәулікке дейін шектелді.
Бұған дейін Ресей үкіметі елге кіретін шетел азаматтарынан бет бейнесі мен саусақ іздерін тапсыру бойынша биометриялық эксперимент жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын.




