Қазақстандықтардың Кореяда ресми жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін келісім қашан қол қойылады – Еңбек министрі түсіндірді

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореямен еңбек келісімін ұзақ уақыт бойы бекітуге не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды dailykz.
Неліктен келісімге қол қою кешікті?
Мәжіліс кулуарында сөйлеген министрдің сөзінше, құжаттың ұзақ уақыт бойы қабылданбауына Кореядағы саяси өзгерістер әсер еткен.
«Корея бойынша менің жауабымды естідіңіздер, бұл келісімді ұзаққа создық деген сын айтылды. Бірақ мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Кореядағы толқулар, президенттің ауысуы, еңбек министрінің өзгеруі сияқты факторлар келісімнің кешігуіне әсер етті», – деді Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, бұл уақытша кідірістерге қарамастан, қазір келіссөздер соңғы кезеңде.
«Бүгінде біз іс жүзінде финишке шықтық. Жыл соңына дейін бұл келісім қабылданып, қол қойылады деген үміттеміз», – деп қосты министр.
Еске салайық
2023 жылдың басында ҚР Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда шамамен 7-8 мың қазақстандық заңсыз мигрант жүргенін хабарлаған болатын. Барлық ниеттілерге «жасыл дәліз» ұйымдастырылып, олар ешқандай жазаға тартылмай елден шығуға мүмкіндік алды.
Сол жылы қазақстандықтарды Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жүйе арқылы біздің азаматтарға ресми түрде жұмыс істеуге жол ашылады.
Жыл соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қазақстан мен Корея арасындағы меморандумға қол қою жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Құжат қазақстандықтарға Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.




