Қуаныштың көз жасы мен айқай-шу: қазақстандықтар «Қайраттың» тарихи жеңісін қалай атап өтті

Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісін қалай қарсы алғандарын бөлісіп жатыр, деп хабарлайды dailykz.
Пенальти сәтіндегі эмоциялар
Желіде тараған видеоларда қазақстандықтар матчты теледидар алдында тамашалап, шешуші пенальти сәтінде айқайлап, қуаныштан көз жасын тыя алмағаны көрінеді. Финалдық ысқырықтан кейін адал жанкүйерлер құшақтасып, қуаныштарын бөліскен.
Қоғамдық орындардағы қолдау
Матчты көптеген жанкүйерлер топтасып, дәмханалар мен қоғамдық орындарда тамашалаған. «Қайрат» жеңіске жеткен сәтте халық бір-бірін құшақтап, «Ура!» деп ұрандатқан. Тіпті кейбір тойда да ойын үлкен экраннан көрсетіліп, қонақтар матчқа ерекше қызығушылық танытқан.
Алматыдағы мереке
Әлеуметтік желілерде Алматы көшелеріндегі қуаныш сәттері де жарияланды. Жанкүйерлерге көлік жүргізушілері сигнал беріп, халық ән шырқап, ұлттық және футболдық символикасы бар киімдер киіп шыққан. Көпшіліктің айтуынша, бүкіл қала мерекелік көңіл күйге бөленген.
«Қайраттың» тарихи жеңісі
Еске сала кетсек, алматылық клуб плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтигін» жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Қарсыластары 28 тамызда өтетін жеребе тарту рәсімінде анықталады.
Ойыннан кейінгі реакциялар
Жеңістен соң «Қайрат» футболшыларының қуанышты сәттері түсірілген видеолар жарияланды. Ал «Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерс ойыннан кейін матчқа қатысты пікір білдірді. Сонымен қатар, Еуропа футбол қауымдастығы одағы (UEFA) да қазақстандық клубтың тарихи жеңісіне назар аударды.