Қытайлық компанияның «Оқжетпесті» сатып алатыны туралы сыбысқа Футбол федерациясы жауап берді

Қазақстандық «Оқжетпес» футбол клубының қытайлық компанияға сатылатыны жайлы ақпарат қоғамда қызу талқыланып, осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория пікір білдірді, деп хабарлайды dailykz.
«Шетелдік инвестиция – әлемдік тәжірибе»
Интернетте Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын Қытай инвесторлары сатып алуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Бұл жағдайға қатысты Давид Лория Үкімет үйінің кулуарында түсініктеме берді.
«Күте тұрайық. Менің білуімше, келіссөздер жүргізіледі. Әзірге оның нәтижесін болжау ерте, бірақ егер шетелдік инвестор өз капиталымен қазақстандық футболға келуге дайын болса, бұл өте қызықты тәжірибе болмақ», — деді Давид Лория.
Федерация өкілі мұндай үрдістің бүкіл әлемде кең таралғанын атап өтті.
«Неге болмасқа? Бұл – капитал тартудың тәсілі, әлемдік тәжірибе. Мысалы, Англия Премьер-лигасында көптеген клубтардың иелері – Америка, Қытай және Таиланд инвесторлары. Бұл қалыпты құбылыс. Егер мұндай серіктестік әр клубтың дамуына, жалпы футболымыздың өсуіне әсер етсе, онда біз мұндай мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек», — деп түйіндеді ол.
Мемлекеттен бизнестің қолына
Айта кетсек, 2024 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге «клубтық футболды бизнес көзі ретінде қарастыруға» шақырған болатын.
Ал биылғы наурызда ел бойынша 461 нысан жеке секторға берілетін тізімге енгізіліп, оның ішінде жеті футбол клубы да бар екені белгілі болды.
Футболдағы өзгерістер
Журналист әрі комментатор Олжас Байбосын жуырда елімізде төрт футбол клубының жабылғанын хабарлаған еді. Бұл да Қазақстандағы футбол құрылымында айтарлықтай өзгерістер жүріп жатқанын көрсетеді.




