«Әлем оның бағдарламасына таң қалады»: Алматыда Михаил Шайдоровтың Олимпиадаға дайындығы көрсетілді

Алматыда Қазақстан атынан 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын жас әрі дарынды мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ашық жаттығуын өткізді, деп хабарлайды dailykz.
Жаңа бағдарлама
2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері әрі төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы көрермендерге жаңа бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаға команда мамыр айынан бастап дайындалып келеді.
Олимпиадада Михаил қысқа бағдарламасын «Екі дәуір рок-н-роллының тоғысуы» тақырыбында, ал еркін сырғанауды Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Confessa және «Бесінші элемент» фильмінің әуеніне арнайды. Спортшының айтуынша, бұл музыканы ол бес жыл бұрын естіп, болашақта міндетті түрде пайдаланамын деп өзіне уәде берген.
«Әлем чемпионатынан кейін осы деңгейге жеткенімді түсіндім және ішімдегіні дәл осы әуен арқылы жеткізгім келеді», – дейді Шайдоров.
Тренерлердің пікірі
Бас бапкер Алексей Урманов шәкіртінің соңғы жылдары техникалық және шығармашылық тұрғыда үлкен серпіліс жасағанын атап өтті:
«Михаил күн сайын шеберлігін жетілдіріп келеді. Ол еңбекқор, табанды спортшы. Әлем оның жаңа бағдарламасына және оны қалай жеткізетініне таң қалады деп сенемін», – деді ол.
Хореограф Иван Ригини де ерекше пікір білдірді:
«Михаил өзіндік стиль таба бастады. Музыканы өзі таңдап, жеке көзқарасын көрсетті. Менің міндетім – оның даралығын айқындау. Әрбір қимыл, әрбір эмоция ішкі жүрек қалауынан туғанда ғана көрермен соны сезеді. Михаил мұз үстінде сырғанағанда менің өзіме де мурашки келеді. Сондықтан күте беріңіздер», – деді маман.
Спортшының көзқарасы
Шайдоровтың айтуынша, оның басты арманы – Олимпиадаға қатысу.
«Бала кезімде Олимпиадаларды қайталап көретінмін. Әлемдік додаға қатысу – мен үшін үлкен құндылық. Әр медаль – адамның өзін, қорқынышын және барлық кедергілерді жеңуінің нәтижесі», – дейді ол.
Фигурист соңғы маусымдағы басты жетістіктерінің бірі ретінде төрттік риттбергерді меңгергенін айтты. Ал жаңа маусымда ол төрттік флипті және айналым кезінде төртінші деңгейлі секіруді көрсетуге дайын.
Олимпиадаға дайындық
Жаңа маусымдағы басты назар – бағдарламаның техникалық тазалығы ғана емес, артистизм мен көркемдік қырын дамытуға аударылып отыр.
Спортшыға АО «АлтынАлмас», оның бас акционері Владимир Жуманбаев, сондай-ақ Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиадалық комитет қолдау көрсетуде.
Команда әрбір ұпайдың маңызын түсініп, дайындықты ұсақ-түйегіне дейін жетілдіріп жатыр.