Әли Әлиев Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері Әли Әлиев отставкаға кетті, деп хабарлайды dailykz Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) сілтеме жасап.
Бельгиямен ойыннан кейінгі шешім
Әлем чемпионаты-2026 іріктеу кезеңінің алтыншы турында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл – Әли Әлиевтің жетекшілігіндегі төртінші қатарынан жеңіліс әрі ең ірі есеп.
Ойыннан кейін бас бапкер журналистерге қысқаша пікір білдіріп, толық жауапкершілікті өз мойнына алды:
«Қысқа ғана айтқым келеді. Бәрі менің кінәм. Футболшыларға еш айып жоқ. Барлық жауапкершілікті мойныма аламын. Отставкаға кету туралы арыз жазамын. Елге оралған соң бірден федерация президентіне және басшылыққа хабарлаймын», – деді Әли Әлиев баспасөз мәслихатында.
Айтқан соң ол залды тастап шығып кетті.
Құрама жағдайы
Қазақстан құрамасы бес ойында үш ұпай жинап, J тобында төртінші орында тұр. Команда тікелей әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен, екінші орынға таласу арқылы плей-офф кезеңіне шығуға әлі де математикалық мүмкіндік сақталған.
Әли Әлиевтің жұмысы
44 жастағы маман қаңтар айында Ресейлік Станислав Черчесовтың қызметтен кетуінен кейін уақытша бас бапкер болып тағайындалған еді. Мамыр айында ол ресми түрде толыққанды қызметке кірісті.
Әли Әлиевтің жетекшілігімен ұлттық құрама (ресми және жолдастық кездесулерді қоса алғанда) екі рет жеңіп, алты ойында жеңіліске ұшырады.