Әлихан Смайылов Тоқаевқа “Қазпошта” мен автожол саласын тексеру жоспары туралы баяндады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент ведомствоның биылғы тоғыз айдағы жұмысының қорытындыларымен және 2026 жылға арналған жоспарлармен танысты.
32 трлн теңге көлемінде аудит жүргізілді
Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік аудиторлар есепті кезеңде жалпы сомасы 32 трлн теңгені қамтитын 18 ірі тексеріс жүргізген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8 трлн теңгеге көп.
«Мемлекет пайдасына 112 млрд теңге көлемінде қаражат қайтарылып, қалпына келтірілді. Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мақсатында Үкіметке және тиісті ұйымдарға 96 ұсыныс пен 800-ге жуық міндетті нұсқама жіберілді. 42 аудит материалы құқық қорғау органдарына жолданды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Сонымен қатар Смайылов Жоғары аудиторлық палата қызметінің цифрландырылған жүйеге толық көшкенін, енді аудиттің барлық кезеңдері автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізілетінін айтты.
2026 жылы қандай салалар тексеріледі
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, 2026 жылға шамамен 40 ауқымды аудиттік тексеріс жоспарланған.
Тексеру бағыттары мыналарды қамтиды:
- Отандық фармацевтикалық өндірушілерді қолдау,
- Инвестиция тарту және тиімділігін бағалау,
- Автомобиль жолдарын дамыту саласы,
- “Қазақтелеком” және “Қазпошта” акционерлік қоғамдарының қызметі,
- Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК),
- Мемлекеттік ақпараттық саясат,
- және бірқатар басқа стратегиялық бағыттар.
Ақорданың хабарлауынша, Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бұған дейінгі тексерулер мен нәтижелер
Еске сала кетсек, шілде айында Әлихан Смайылов Тоқаевқа 20 трлн теңге көлеміндегі аудит қорытындысын баяндаған болатын.
Ал маусым айының басында Смайылов Мәжіліс кулуарында Ұлттық банкті тексеру жоспарлары туралы мәлімдеген еді.
Бұған қоса, Жоғары аудиторлық палата Қазақстандағы дәрі-дәрмекпен қамту жүйесіне қатысты тексеріс нәтижелерін жариялап, 741 млн теңгелік қаржылық бұзушылықтар мен 32 млрд теңге көлемінде тиімсіз жұмсалған қаражатты анықтаған болатын.




