“400 млн теңгелік жиһаз” туралы ақпаратқа Беріқ Уәли жауап берді

Абай облысының әкімі Беріқ Уәли өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде 400 миллион теңгеге жиһаз сатып алу туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды DailyKZ.
Ақпарат қалай тарады
«Менің әріптес журналистерім оқырман санын арттыру үшін тексерілмеген мәліметті басты тақырыпқа айналдырған. Соның салдарынан қоғам арасында мен өзіме 400 миллион теңгеге жиһаз алып жатыр екен деген жалған әңгімелер тарап кетті. Шынымды айтсам, мұндай соманы алғаш рет БАҚ материалдарынан естідім», – деді Беріқ Уәли.
Негізінде не туралы болған
Әкімнің айтуынша, әңгіме жеке кабинетінің жиһазы туралы емес, 671 мемлекеттік қызметкердің жұмыс орнын жабдықтауға арналған қарапайым кеңсе жиһазы жөнінде болған.
«Бұл – күнделікті жұмысқа қажетті үстелдер, компьютер үстелдері, киім шкафтары, орындықтар секілді қарапайым кеңсе заттары ғана», – деп түсіндірді ол.
Жиһаз алу процесі неге тоқтатылды
Беріқ Уәлидің сөзінше, ол қызметке келмей тұрып, жиһаз сатып алу конкурсы бірнеше рет өткізілгенімен, жеңімпаз анықталмаған. Осы себепті сатып алу процесі кейінге қалдырылып келген.
«Мен әкім қызметіне келгеннен кейін, кейбір БАҚ бұл жағдайды мен 400 миллион теңгеге бірден жиһаз сатып алғандай етіп көрсетті. Бірақ шын мәнінде мен бұл процесті тоқтаттым. Менің өз кабинетім үшін бір де бір үстел немесе орындық алынған жоқ. Барлық жиһаз қызметкерлерге арналды. Өңір құрылғаннан бері олар үйден әкелген үстелдері мен орындықтарын пайдаланып жүрген», – деді әкім.
Абай облысы әкімінің қызмет жолы
Еске сала кетейік, Беріқ Уәли 2025 жылдың ақпан айында Абай облысының әкімі болып тағайындалған. Бұған дейін, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ол Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.
Сонымен қатар, бүгінгі брифинг барысында әкім өңір тұрғындарының уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты туындаған наразылықтары жөнінде де пікір білдірді.




