Қазақстанда алғаш рет: шенеунік әкімдік сайтындағы жалған ақпарат үшін айыппұл төледі

Шығыс Қазақстан облысында жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімдік сайтына жалған ақпарат жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Самар ауданында болған оқиғада, прокуратура тексерісінен кейін «Самар ауданы әкімінің аппараты» сайтында бос жер учаскелері туралы қате мәліметтер орналастырылғаны анықталды. Сайтта шабындықтың көлемі 180,34 га, жайылым 30,62 га деп көрсетілген, бірақ ресми мәліметтер бойынша, шабындықтың көлемі 193,4 га, ал жайылым – 30,0 га болған.
Бұл жағдай бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 456-2-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жалған ақпарат таратуға қатысты іс қозғалды. 2025 жылдың 25 маусымында Самар аудандық соты бөлім басшысын кінәлі деп танып, оған 117 960 теңге айыппұл салды.
Бұл – Қазақстанда әкімдік сайтында жалған ақпарат жариялаған лауазымды тұлғаға қатысты алғашқы іс болып табылады.
Прокуратура мемлекеттік органдардың халықты жаңылыстыратын мәліметтер таратуына жол бермеу үшін алдағы уақытта да жұмыс істейтінін мәлімдеді.