Санжарали Бегалиев – Азия чемпионы

Қазақстанның жастар құрамасы тағы бір үлкен жеңіске қол жеткізді. Санжарали Бегалиев Азия чемпионатында алтын медаль иегері атанды, деп хабарлайды dailykz. Жарыс Халықаралық бокс федерациясы World Boxing аясында өтті.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шыққан Бегалиев өзбекстандық Рахматулло Бойматовпен кездесіп, тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – 22 жасқа дейінгі жастар құрамасы үшін төртінші алтын жүлде. Бұған дейін Гүлназ Бурибаева, Бақыт Сейдыш және Нұрислам Қалдыбаев чемпион атанған болатын.
Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар төрт күміс медаль жеңіп алды. Олардың иегерлері: Шығула Налибай (75 кг), Әсел Тоқтасын (80 кг), Илья Калинин (65 кг) және Нұрбек Мурсал (70 кг).
Еске сала кетсек, бір күн бұрын 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталып, онда Қазақстан құрамасы 13 медаль еншілеген еді.