News

“Қанағаттанарлықсыз”: Тоқаев еліміздегі бірыңғай цифрлық экожүйені енгізу жұмысын сынға алды

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің төрағалығымен өткен жиында әлемде жасанды интеллекттің (ЖИ) қарқынды дамуына байланысты ауқымды технологиялық өзгерістер жүріп жатқаны атап өтілді.

“Бұл технология әлем елдерінің дамуына тікелей әсер етеді. Онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Қысқасы, озық технология – ұлттық тәуелсіздіктің кепілі әрі экономикалық өсудің қозғаушы күші. Біз бұл салада белгілі бір жетістікке жеттік, бірақ босаңсуға болмайды. Бұл бағыт – стратегиялық басымдықтардың бірі”, – деді Президент.

БҰҰ Сауда және даму конференциясының (ЮНКТАД) болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 трлн долларға жетуі мүмкін, ал оның үлесі жаһандық технологиялық индустрияда 7%-дан 29%-ға дейін өседі.

Президент атап өткендей, бұл салада әлемдік бәсекелестік күрт күшейіп отыр. Мысалы, АҚШ-тың Дональд Трамп әкімшілігі America’s AI Action Plan стратегиясын ұсынып, ЖИ-ды технологиялық, экономикалық және қорғаныс саласындағы жетекшіліктің негізгі құралы деп таныды. Ал Қытай Халық Республикасы ЖИ саласында халықаралық ынтымақтастық ұйымын құруды ұсынды. Тоқаев бұл бастаманы қолдап, дайындық жұмыстарына қатысуды тапсырды.

Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Бұл үшін жүйелі шешім қабылдап, олардың орындалуын қатаң бақылау қажет. Президент бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру бойынша берілген тапсырмалардың орындалу қарқынына көңілі толмайтынын айтты.

“Жасанды интеллект барлық саланың дамуына қозғаушы күш болуы тиіс. Ол – инновациялық даму мен цифрлық тәуелсіздіктің негізі. Алдағы бес жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Үкіметке және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне ЖИ мен цифрлық трансформацияны дамытуға арналған кешенді құжат дайындауды тапсырды. Бұл жұмысқа халықаралық компаниялар мен беделді сарапшылар тартылмақ.

Сондай-ақ, Президент тоғыз басым бағытты айқындап берді. Солардың бірі – ЖИ-ды нақты экономика саласына енгізу. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» жыл соңына дейін өндірістік процестерге ЖИ енгізудің нақты мысалдарын және оның экономикалық тиімділігін көрсетуі тиіс.

Бұдан бөлек, Тоқаев:

  • жеке деректерді қамтитын коммуникацияларды ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді;
  • үш ай ішінде мемлекеттік қызметтерге ЖИ енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.

Жасанды интеллект – Қазақстанның инновациялық болашағы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button