“Мораторий енгізіледі”: Тоқаев барлық цифрлық жүйені бірыңғай ұлттық платформаға көшіруді тапсырды

Жасанды интеллектті дамыту мәселелері талқыланған жиында президент бұл саладағы құқықтық реттеуді жетілдіруді басты міндеттердің бірі деп атады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде бүкіл әлемде жасанды интеллектті (ЖИ) қолдануға арналған құқықтық негіз қарқынды қалыптасуда.
“Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Канада – бәрі де тәуекелдер мен мүмкіндіктерді ескере отырып, өздерінің реттеу модельдерін қалыптастыруда. Қазақстан да өз нормативтік базасын жасауы тиіс. Бұл ретте озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуы керек. ЖИ туралы заң қабылдау – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Құжатта инновация, қауіпсіздік және жауапкершілік тең дәрежеде қамтылуы тиіс. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау маңызды. Заң ЖИ дамуына кедергі емес, инвестиция мен технология тартуға қолайлы болуы керек. Қазан айында бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет”, – деді Президент.
Кеңесте цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Тоқаев үкіметке ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт архитектурасын қайта қарауды еске салды.
“Жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Енді оны іс жүзінде пайдалану қажет. Есептеу қуаттары бәріне бірдей қолжетімді болуы маңызды. Бұл үшін әділ бөлу ережелерін жасап, басымдықты ұлттық маңызы бар жобалар мен болашағы зор стартаптарға беру керек. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығын жоюды жалғастыру қажет”, – деді Мемлекет басшысы.
Президент барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені бірыңғай ұлттық платформаға көшіруді тапсырды.
*”Бұл тәсіл толық интеграцияны, архитектуралық үйлесімділікті қамтамасыз етіп, артық шығынды жояды және толыққанды деректер массивін қалыптастырады. 2025 жылдың шілдесінен ұлттық QazTech цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға беріліп, цифрлық әзірлемелерді орталықтандыруды және енгізу мерзімін қысқартуды қамтамасыз етуде.
2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі. Ерекше жағдайларда, егер әзірлемені платформада жүзеге асыру мүмкін болмаса, шешімді Цифрландыруды енгізу жөніндегі комиссия қабылдайды. Үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін QazTech-тің толыққанды ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету рәсімдерін аяқтауы тиіс”*, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент:
- жеке деректер бар коммуникацияларды ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді;
- Дональд Трамп командасы мен Қытайдың ЖИ саласындағы стратегиясын зерттеуді;
- үш ай ішінде мемлекеттік қызметтерге ЖИ енгізу бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
Жасанды интеллектті дамыту – Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігі мен жаһандық технологиялық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі.