Пашинян Астанаға ресми сапармен келеді

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды dailykz ҚР СІМ-ге сілтеме жасап.
Әңгіме барысында Мұрат Нұртілеу әріптесін Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік орнату жөніндегі Декларацияның Вашингтонда өткен үшжақты кездесу нәтижесінде қол қойылуымен жылы лебізбен құттықтады.
Қазақстан СІМ басшысы бұл қадамның Оңтүстік Кавказ аймағында тұрақты бейбітшілік орнату, орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Тараптар аймақтық коммуникацияларды ашу туралы келісімдердің жүзеге асырылуы аясында сауда, логистика және көлік салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде Армения премьер-министрі Никол Пашинянның алдағы ресми сапарына дайындық мәселелері де қаралды. Әңгіме соңында екі ел министрлері саяси диалогты жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін растады.
Еске сала кетсек, өткен аптада Армения мен Әзербайжан басшылары АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Вашингтонда екі ел арасындағы бейбіт қарым-қатынас жөніндегі декларацияға қол қойды. Бұл қадам екі мемлекет арасындағы шамамен қырық жылға созылған қанды қақтығыстан кейін жасалды.
Бұдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келісімді жоғары бағалап, АҚШ-тың арағайындық рөлін және Қазақстанның үлесін атап өтті. Ол сондай-ақ Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, Әзербайжанның халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін жеткізді.
Кеше мемлекет басшысы Никол Пашинянмен де телефон арқылы сөйлесіп, Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қоюдан кейінгі жағдайды талқылады.
Осылайша, Пашинянның Астанаға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде.