“Не боларын білмеймін”: Рахмоновтың бапкері қайғылы оқиғадан кейінгі жағдайын айтты

UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың бапкері Базров оның қазіргі жағдайы мен болашақ жоспарлары туралы айтты.
Журналистер спортшының 2025 жылдың соңына дейін октагонға оралу мүмкіндігін сұрағанда, бапкер нақты жауап бере алмады:
“Шавкаттың жағдайына қатысты әзірге нақты айта алмаймын. Бір анығы – ол жаттығуын жалғастырып жүр. Әрине, жағдай өте ауыр… Психологиялық тұрғыдан да өзіңді жұмысқа бейімдеу оңай емес. Бірақ Шавкат – мінезді жігіт”, – деді ол.
Базровтың айтуынша, Рахмонов жаттығу залына келіп, шамасы келгенше дайындалып жүр:
“Алдағыны болжау қиын. Бұл жағдайда әр адам әртүрлі әрекет етуі мүмкін. Бүгінгі жағдайды ғана айта аламын – ол жаттығып жүр. Қалғанын бір Алла біледі”, – деп түйіндеді бапкер.
Еске сала кетсек, шілде айының соңында Жамбыл облысында ауыр жол апаты болды. Көлікте Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тапты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Рахмоновтар травматология бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Алдын ала диагноз – жабық бас-ми жарақаты және ми соққысы. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.
Әлеуметтік желілерде апат болған сәтте рөлде спортшының жұбайы болғаны жайлы жазылды. Алайда полиция бұл мәліметті растамады, тек оның куәгер ретінде сұралғанын айтты.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жол апаты фактісі бойынша толық тергеу жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалған. Тергеу қорытындысы бойынша әйелге қатысты процессуалдық шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады.
Шавкат Рахмонов қазір жаттығуын жалғастырып, қиын кезеңнен өтуге күш салып жүр.