“Барыс” канадалық қақпашымен келісімшартқа қол қойды

Астаналық хоккей клубы “Барыс” канадалық қақпашы Оливье Родригпен келісімшартқа отырғанын жариялады, деп хабарлайды dailykz команда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісім біржақты шарт негізінде жасалды және 2026 жылдың 31 мамырына дейін жарамды.
25 жастағы Родриг “Барысқа” НХЛ-дың вице-чемпионы “Эдмонтон Ойлерз” жүйесінен келді. Канадалық хоккейші 2018 жылы дәл осы клуб тарапынан драфтталған. Өткен маусымда ол алғаш рет Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетіп, сондай-ақ АХЛ-дағы “Бейкерсфилд Кондорс” сапында 41 матч өткізді. Орта есеппен әр ойында 3,12 шайба жіберіп алып, қақпаға бағытталған соққылардың 89,7 пайызын қайтарды.
Айта кетейік, “Эдмонтон Ойлерз” өткен маусымда НХЛ финалына дейін жетіп, “Флорида Пантерзге” жол берген болатын.
Бұған дейін “Барыс” құрамын америкалық қорғаушы Иэн Маккошен толықтырған еді.
“Барыс” жаңа маусым алдында сапын күшейтіп, НХЛ тәжірибесі бар қақпашыны қатарға қосты.