News

Тоқаев Жетісу облысының әкіміне Алакөл мен Балқашта туристерге жайлы жағдай жасауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдап, өңірдің дамуы және алдағы жоспарлар туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.

Инвестициялар мен жаңа жобалар
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірге 178 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,5%-ға артқан. 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық портфельде 2,6 трлн теңгенің 128 жобасы бар. Бұл жобалар аясында 10,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Ірі жоспарлардың ішінде – тау-кен байыту комбинатының, Қазақстан–Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы индустриялық паркінің, жел электр станцияларын шығаратын зауыттың және халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылысы бар.

Ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым
Биыл облыста 540 мың тонна қант қызылшасын жинап, 78 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Сонымен қатар, көлік-логистика әлеуетін арттыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, елді мекендерді газдандыру, әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Туризмге басымдық
Туризм – негізгі назардағы бағыт. Алакөл жағалауының инфрақұрылымы жаңартылып жатыр, Ұшарал әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жөнделді. Балқаштың туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары дайындалды, Лепсі – Балқаш көлі жағалауы автожолы жаңартылды, инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр.

Жыл соңына дейін Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автожолы да қайта жаңартылады.

Президенттің тапсырмалары
Мемлекет басшысы қант өнеркәсібін дамыту, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және туристер үшін жайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы жылыту маусымына тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік нысандардың дайын болуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетейік, шілде айында Тоқаев Үкіметке Алакөл аймағының демалушыларды қабылдауға дайындық деңгейінің төмен екенін сынға алған еді. Осыдан кейін Үкімет пен облыс басшылығы курорттық аймақтарды аралап, жағдайды тексерген болатын.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button