Қайырымдылық қорларынан ұрлық: цифрлық теңге мұнымен қалай күресуге көмектеседі – сарапшы пікірі

Қайырымдылық қорларының жанында орын алған даулы оқиғалар шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға зиян келтіруде – қазақстандықтар оларға көмектесуден қорқады. Дегенмен, қаражаттың бақылауы бұл мәселені шешудің жолы бола алады, деп хабарлайды dailykz.
Сарапшы Азиза Қасенова EconomyKZ.org порталына жазған мақаласында қайырымдылық көбіне мейірімнен гөрі жеке байлықты арттыру құралына айналып бара жатқанын атап өтті.
Бұл проблема халықаралық сипатта да кездеседі: Ұлыбритания, Канада, АҚШ және Германия сияқты дамыған елдерде де қайырымдылыққа бөлінген миллиондаған доллар мен еуро қажетті адамдарға жетпей қалуы мүмкін. Алайда Қазақстанда бұл сала мөлдір болуы үшін мүмкіндік бар.
Қандай шаралар көмектеспейді
Сарапшының айтуынша, осындай даулы оқиғалардан кейін халық пен билік қайырымдылыққа мөлдірлік, жауапкершілік пен қоғамдық бақылау енгізуді талап етеді.
Нәтижесінде мемлекет заңнаманы қатаңдатуы, реестр мен бақылау енгізуі, құжат жүргізуді күрделендіруі мүмкін. Бірақ бұл шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға қауіп төндіреді.
«Яғни, мемлекет қайырымдылықты реттеушіге айналады, бұл қоғамның жақсылық жасауға деген ниетін бұрмалауы мүмкін. Қайырымдылық – қоғамның жақсы ниеті мен қоғамдық мүдденің тоғысатын саласы, сондықтан мемлекеттің артық араласуы көбірек зиян тигізуі мүмкін. Мемлекет тек мөлдірлікті қамтамасыз етуі керек, еркіндікті шектемеуі тиіс», – дейді сарапшы.
Цифрлық теңге – бюрократиясыз шешім
Сарапшының пікірінше, бұл мәселені бюрократиясыз шешудің жолы – цифрлық теңге.
Цифрлық валютаның ерекшелігі – оны белгілі мақсаттарға, тауарлар мен қызметтерге ғана жұмсауға программалау мүмкіндігі. Мұндай «түс беру» (программалау) әдісі қайырымдылықта қолданылуы мүмкін.
«Қаражат онлайн-платформада жиналады (краудфандинг сияқты), кейін жиналған сома цифрлық теңгеде «түс беру» процесінен өтеді. Бұл смарт-келісімшарттар немесе төлем жүйесіндегі ережелер арқылы жүзеге асады. Мысалы, егер көмек тамаққа арналған болса, цифрлық ақша зергерлік дүкенде немесе басқа адамға аударуға әрекет жасағанда жұмыс істемейді. Мұндай тәсіл мақсатты жұмсауды қатаң бақылауға алып, алаяқтықты болдырмайды», – дейді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда цифрлық теңгені толық енгізудің болжамды күні бұрын айтылған еді. Сарапшылар жаңа форма халықты толық бақылауға алмайтынын түсіндірген.
Цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығы – ол алаяқтықтан жақсы қорғайды, қаражат толық көлемде мемлекет кепілдігімен сақталады және интернетке қосылусыз да пайдалануға болады.