News

Тоқаев Индонезия президентіне құттықтау жолдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезияның тәуелсіздігінің 80 жылдығына орай Прабово Субиантоны құттықтады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорданың ресми Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатын жолдап, Джакарта мен Астана арасындағы достыққа негізделген сенімді ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті.

“Өзара түсіністік пен ортақ құндылықтарға сүйенген серіктестікті ерекше қадірлеймін. Сізбен бірге Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімді салуға дайынмын”, – делінген Тоқаевтың жеделхатында.

Сонымен қатар Президент Тоқаев Прабово Субиантоның саяси көшбасшылық қабілеті мен сындарлы саясаты арқасында Индонезия алдағы уақытта да үлкен табыстарға жететініне сенім білдірді.

Прабово Субианто туралы

Өткен жылы наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Прабово Субианто Джойохадикусумоны президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтаған болатын.

РБК дерегінше, Прабово Субианто – Индонезияның бұрынғы қорғаныс министрі. 2024 жылғы 20 наурызда өткен сайлауда ол 96,2 миллион дауыс (58,6%) жинап, жеңіске жетті. Ал Джакартаның экс-губернаторы Анис Басведан 40,9 миллион дауыс (24,9%), Орталық Яваның бұрынғы губернаторы Ганджар Праново 27 миллион дауыс (16,5%) алған.

Саяси қайраткер ықпалды әулеттен шыққан: оның әкесі алғашқы мемлекеттік банк — Bank Negara Indonesia негізін қалаған.

1983 жылы Прабово Субианто елді 1966 жылдан 1998 жылға дейін басқарған Мұхаммед Сухартаның қызына үйленген. Алайда 1998 жылы қарсыластарына қысым жасады деген айыппен арнайы жасақтан қызметінен босатылған. Кейін бұл айыптар дәлелденбегенімен, сайлауалды науқандарда бірнеше рет көтерілген. Субианто мұны саяси астары бар айыптаулар деп санайды.

Сухарто режимі құлағаннан кейін ол саясатта қалып, өз партиясын — «Гериндра» құрды. Биылғы жеңісіне дейін 2014 және 2019 жылдары президенттік сайлауда бақ сынап, Видодоға жол берген еді.

Қазақстан мен Индонезия байланысы

Қазақстанның Индонезиядағы елшілігінің ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, Индонезия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 28 желтоқсанында мойындады.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылдың 2 маусымында орнады, ал Қазақстанның Индонезиядағы елшілігі 2012 жылдың сәуірінде ашылды.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button