Тоқаев Пәкістан премьер-министріне көңіл айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Пәкістанда орын алған су тасқыны мен нөсер жаңбырдан қаза тапқандардың жақындарына қайғыра көңіл білдіріп, зардап шеккендерге сауығып кетуді тіледі.
“Қайтыс болғандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – делінген Тоқаевтың жеделхатында.
Пәкістандағы жағдай
DW таратқан ақпаратқа сәйкес, Үндістан мен Пәкістанға құйған толассыз жауын салдарынан су тасқыны мен көшкіндер болып, ауыр шығынға әкелді. Соңғы деректер бойынша, Пәкістанда кемінде 300 адам көз жұмған, ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Ең көп зардап шеккен аймақ – Ауғанстанмен шектесетін Хайбер-Пахтунхва провинциясының Бунер округі. Мұнда қатты нөсерден кейін құтқарушылар үйінділер мен лай арасынан адамдардың денелерін шығарып, аман қалғандарды іздестіруде. Ауа райының қолайсыздығы мен апат аймағының алыс орналасуы құтқару жұмыстарын қиындатуда. Жедел іздестіру жұмыстарына әскерилер де тартылған.
Траур күні жарияланды
Оқиғаға байланысты 16 тамызда Пәкістанда аза тұту күні жарияланды. Шығын көлемі әлі нақты есептелген жоқ.