Тоқаев Қостанай облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп тыңдады және нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Akorda.kz.
Өңір экономикасының дамуы
Әкімнің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта облыстың өнеркәсіптік өнім көлемі 1,82 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға өсті. Қазір құны 337 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар 3,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады.
Маңызды жобалардың қатарында:
- KIA зауыты – жылына 70 мың автокөлік шығарады, 1 500 жұмыс орны ашылады;
- “Камлит.KZ” кәсіпорны – жүк көліктеріне жетекші көпірлер өндіреді, инвестиция көлемі 160,5 млрд теңге, 550 жаңа жұмыс орны;
- Арқалық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары.
Жыл басынан бері облыста 22 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген, жыл соңына дейін тағы 29 нысан іске қосылады.
Инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы
Аймақта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында 54 жоба жүзеге асырылуда. Орталықтандырылған ауызсуға қолжетімділік деңгейі қалаларда 99%, ауылдарда 91,3%-ға жеткен.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға биыл 102 млрд теңге бөлінді – бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. 1 300 шақырым жолда құрылыс, қайта жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
- Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуда;
- Қостанай – Мамлютка жолы толық жаңартылды;
- Екатеринбург – Алматы бағытының Сарыкөл – Ақмола облысы шекарасы аралығы жөнделіп жатыр.
Сондай-ақ, ауыл ішіндегі 400-ден астам көше жаңартылуда.
Президенттің тапсырмалары
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев мына міндеттерді атап өтті:
- инвестициялар көлемін арттыру;
- өнеркәсіп пен агроөнеркәсіпті дамыту;
- әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру;
- азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.
Президент сонымен қатар:
- жылыту маусымына уақытылы дайындалуды,
- күзгі егін орағын сапалы өткізуді,
- ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін жақсартуды тапсырды.
Еске сала кетейік
Жаңа оқу жылы қарсаңында Мемлекет басшысы әкімдер мен Үкіметке мектептерді заманауи жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Ол барлық оқушылардың электронды оқулықтар мен цифрлық платформаларға қол жеткізуі қажет екенін атап өтті.