Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол қауымдастығын басқаруға кірісті: бизнесменнің жоспарлары

Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (ҚОАФ) президенті болып бірауыздан сайланды. Тағайындалған конференцияда бизнесмен аймақтық балалар мен жастар футболын жүйелі дамытуға арналған төрт жылдық бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды dailykz компанияға сілтеме жасап.
Бағдарламаның негізгі бағыттарына жаппай спортты насихаттау жобалары, инфрақұрылымға инвестициялар, әуесқой турнирлер желісін дамыту, облыстық жарыстарды сапалы өткізу және мамандар даярлау кіреді.
Мектеп оқушылары арасында футболды танымал етуге ерекше назар аударылмақ. «Алға!» жобасы аясында мектептерде эксперименталды футбол сабақтарын енгізу, секциялар құру және оқу орындары арасында тұрақты жарыстар өткізу жоспарланған.
Облыстық чемпионаттарды да реформалау көзделіп отыр: үлкендер үшін толыққанды турнирлер, кіші жастағы спортшылар үшін шағын форматтағы жарыстар мен фестивальдер. Сондай-ақ қыз балаларды футболға тарту үшін арнайы фестивальдер ұйымдастырылатын болады.
Балалар мен жастар футболымен айналысатын бапкерлер мен мамандар үшін семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Ең үздіктері UEFA лицензиясын алу немесе халықаралық стажировкадан өтуге гранттарға ие бола алады.
Freedom Holding Corp.-тың аймақтағы футболды дамыту жобаларына салатын жалпы инвестиция көлемі төрт жылда 18,5 млрд теңгені құрайды. Оның 12 млрд теңгесі Қарағанда академия салуға бағытталады — стадион, жыл бойы пайдаланылатын манеж, толыққанды алаң және жатақхана, мұнда спортшыларға жаттығу, оқу және демалу үшін барлық жағдай жасалады.
Тимур Турлов өз шешімін былай түсіндірді:
«Футбол дамуы үшін жүйелі тәсілдер, ашық басқару және нақты нәтиже беретін мақсатты инвестициялар қажет. Бізге жергілікті футболға жаңа мүмкіндіктер, инфрақұрылым және өсу перспективаларын беру үшін дәл осындай тәсіл керек. Бір ай бұрын Қарағандыда болдым, Астана мен Алматыны есептемегенде, дәл осы аймаққа жиі келемін. Мүмкін, тағдыр осы аймаққа ерекше байланысты көрсетіп отыр. Қарағанды — ерекше мінез, мықты дәстүрлер және спортқа деген махаббатқа толы өңір. Мұнда футбол тек ойын емес, мәдени кодтың бір бөлігі».
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Булекпаев:
«Футбол спорттан гөрі әлдеқайда көп: бұл ауладағы энергия, стадиондағы құмарлық, жастар үшін тәртіп, көшбасшылық пен командалық жұмыс жолы. Мемлекет пен Президент бұл жаппай спорт түрін дамытуға ерекше назар аударады. Тимур Русланович, сіз Қарағанды облысында футболды дамытуға стратегиялық көзқарас пен ауқымды жобаны ұсындыңыз. Балалар мен жастар спортын дамыту бастамаларыңыз кең қолдау табады деп сенемін».
Жоспар бойынша 2029 жылға дейін ҚОАФ жобаларына 100-ден астам балабақша мен мектеп, 40 000-нан астам оқушы және 3 600 студент тартылмақ.
Бұл бизнесменнің Қазақстан спортындағы алғашқы қадамы емес. Турлов Freedom QJ League сенім кеңесінің төрағасы және Қазақстан шахмат федерациясын басқарады. Өткен жылы оның еңбегі Metaratings Top Awards сыйлығында «Үздік спорт менеджері» ретінде бағаланды.