Қазақстандық теннисші Арсланбек Айткулов допинг үшін 2028 жылға дейін дисквалификация алды

Қазақстандық теннисші Арсланбек Айткулов допингке байланысты спорттан шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық теннисте адалдықты қамтамасыз ету агенттігі хабарлады, деп жазады dailykz.
Трибунал шешімі
21 жастағы спортшының ісін қараған тәуелсіз трибунал оның 2024 жылдың қаңтарында алынған сынамасында табылған екі тыйым салынған заттың ағзаға кездейсоқ түскенін дәлелдей алмағанын мәлімдеді.
Алдын ала хабарлама Айткуловқа 2024 жылдың наурызында жіберілген болатын.
Қай кезде ұсталды?
Айткуловтың сынамасы 2024 жылдың қаңтарында Катар астанасы Дохада өткен ITF World Tennis Tour турнирінде алынған. Үлгі “A” және “B” болып екіге бөлінді. Кейінгі талдау барысында екеуінен де лиганрол және метилгексанамин тәрізді тыйым салынған заттар анықталды.
Басқа спортшылар да жазаланды
Айта кетейік, бұған дейін допинг дауына байланысты өзге спортшылар да жазаланған болатын:
- Украинаның әйгілі жеңілатлеті Марина Бех-Романчук төрт жылға дисквалификация алды. Ол өз мансабында күмән тудыратын нәтижелер болмағанын мәлімдеді.
- 2024 жылдың шілдесінде Өзбекстанның екі дүркін олимпиада чемпионы Улугбек Рашитов 12 ай ішінде үш рет тұрған жері туралы ақпарат бермегені үшін екі жылға шеттетілді.
- Бұған дейін италиялық теннисші Янник Синнер үш айға дисквалификацияланған еді.