Қазақстан Сауда министрі Қытайдың коммерция министрімен кездесті: қандай мәселелер талқыланды

20 тамыз күні Бейжіңде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрі Ван Вэньтао ресми кездесу өткізді.
Бұл келіссөздер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағытталды.
Стратегиялық әріптестікті тереңдету
Министрлер екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенім мен тікелей қарым-қатынастар Қазақстан мен Қытай арасындағы «мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті» нығайтуда басты қозғаушы күш болып отыр.
Сауда айналымындағы өсім
Ван Вэньтаоның айтуынша, 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 43,8 млрд АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,2%-ға өсті. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 21,8 млрд долларды құрады. Бұл мәліметтер 2030 жылға дейін өзара тауар айналымын екі есеге арттыру мақсатының жүзеге асатынын дәлелдейді.
Арман Шаққалиев бұл мақсатқа жету үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында шекара маңы саудасын дамытуға арналған Жол картасы мен іс-қимыл жоспары іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, екі ел экономикасының байланысын арттыра түседі.
Экспорт және жоғары қосылған құн
Кездесуде қазақстандық өңделген өнім мен жоғары қосылған құнға ие тауарларды Қытайға экспорттау мәселесі ерекше талқыланды. Министр «инвестируй и продавай» қағидаты бойынша өндірісті дамытуға дайын екенін айтты.
Цифрландыру және e-commerce
Тараптар кедендік рәсімдерді цифрландыру, электронды сауданы дамыту және ДСҰ аясында кедергілерді жою бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Қазақстан қытайлық онлайн-платформаларда ұлттық павильондардың санын арттыруды ұсынды. Бұл бастама «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында қол қойылған e-commerce саласындағы меморандумның табысты іске асырылуының жалғасы болып табылады. Dailykz мәліметінше, келісімнің арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы электронды сауда жаңа деңгейге шықты.
Инвестициялар және аймақтық әріптестік
Кездесуде қытайлық инвестицияларды Қазақстанның нақты секторына тарту, қазақстандық тауарларға Қытайдағы импорттық баж салығын төмендету және шикізатты терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері қозғалды.

Арман Шаққалиев Қазақстанның Қытайдың түрлі өңірлерінде сауда өкілдіктерін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. 2024 жылдың басынан бері Қазақстан Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларында сауда миссияларын өткізіп, жергілікті бизнес және әкімдіктермен тікелей байланыс орнатты.
Көрмелердегі ынтымақтастық
Келіссөздер барысында Қазақстанның Қытайдағы ең ірі көрмелерге – Шанхайдағы CIIE, Бейжіңдегі CIFTIS және Үрімшідегі «Қытай – Еуразия ЭКСПО» халықаралық жәрмеңкелеріне қатысуы ерекше аталды. Бұл алаңдар қазақстандық өнімді ілгерілетуге және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.