Қазақстан мен Гренада арасында визасыз режим орнатылды

Қазақстан мен Кариб теңізінің жағалауында орналасқан Гренада мемлекеті визасыз режим туралы келісімге қол қойды. Алайда ол әзірге тек ресми тұлғалар мен дипломаттарға қатысты, деп хабарлайды dailykz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қайрат Умаров пен Ингрид Джексон құжатқа қол қойды
Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Умаров пен Гренаданың өкілі Ингрид Джексон екі елдің дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа сәйкес, тараптар арасындағы ресми тұлғалар мен дипломаттарға 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат беріледі. Бұл бастама Қазақстан мен Гренада арасындағы екіжақты байланысты тереңдетіп, достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Келісім мерзімсіз жасалды және тараптар ішкі мемлекеттік рәсімдерді толық аяқтағаны жөнінде соңғы жазбаша хабарламамен алмасқан күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан мен Гренаданың дипломатиялық қарым-қатынасы
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Гренада арасындағы дипломатиялық байланыс 2012 жылдың қарашасында орнатылған.
Гренада – Кариб теңізінің оңтүстік-шығысында орналасқан аралдық мемлекет. Ол негізгі Гренада аралынан және Маңы Антиль аралдарына кіретін алты шағын аралдан тұрады. Ел экономикасының басты тірегі – туризм. Тек 2023 жылдың өзінде Гренаданы 500 мыңнан астам турист аралаған.
Қазақстанның визасыз режимге қатысты қадамдары
Айта кетейік, Қазақстан визасыз режим орнатқан елдердің толық тізімі «Электронды үкімет» порталында жарияланған.
Биыл шілде айында Қазақстан Түркиямен визасыз режимді кеңейтуге ниет білдірген болатын. Бұған дейін Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз келісім күшіне енді. Сонымен қатар Лаос Халық-Демократиялық Республикасымен де осындай келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Одан бөлек, Қазақстан Таиландпен визасыз режим туралы келісімді мақұлдап, бұған дейін Макао АОМ-мен де келісім жасасқан.
Қазақстан мен Гренада арасында визасыз режим – бұл еліміздің халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және әлемдік серіктестер аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадамы.