Тоқаев пен Жапаров Бішкекте «Достықтың алтын көпірі» ескерткішін ашты

Бішкекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров «Достықтың алтын көпірі» атты ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды dailykz.
Бұл ерекше монумент қос халықтың ұлы тұлғалары – Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналды. Жобаны Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы ұсынған, ал екі ел басшылары бұл бастаманы қолдады.
«Қазақ пен қырғыз – бауырлас халық»
Сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараның маңызы зор екенін атап өтті:
«Бұл монумент – халықтарымыздың бауырластығын бейнелейтін жарқын символ. Әрдайым қолдау көрсеткен Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына алғысымды білдіремін. Сенемін, бұл ескерткіш Бішкектің мәдени-рухани өмірінде маңызды орын алады», – деді ол.
Мемлекет басшысы өткен жылы Астанада Айкөл Манасқа арналып орнатылған ескерткішті еске салып, мұндай игі бастамалар бауырлас елдердің достығын одан әрі нығайта түсетінін жеткізді.
Әуезов пен Айтматов – рухани көпір
Тоқаев қазақ пен қырғызды ғасырлар бойы туыстық пен ортақ тарих біріктіргенін, ал Әуезов пен Айтматов шығармашылығы бұл достықтың биік үлгісі екенін атап өтті.
– Жамбыл Жабаев: «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деп қазақ-қырғыз ынтымағын сипаттаған. Төкөл Токтогул да: «Қанатым – қазақ туысқан» деген.
– Әуезовтің «Манасты» зерттеуі ұлы эпосты ұмыт болудан сақтап қалды.
– Ал Айтматовтың «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана жер-ана», «Боранды бекет» секілді туындылары қазақ әдебиетінің де қазынасына айналды.
Президент сондай-ақ қос халықтың кинорежиссерлері осы жазушылардың шығармаларын экранға бейімдегенін айтып, мәдени-рухани байланыстардың бекемдігін ерекше атап өтті.

«Алтын қыран» ордені
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз президенті Садыр Жапаровты Қазақстанның ең жоғары марапаты – «Алтын Қыран» орденімен наградтады. Сондай-ақ Қырғызстанның бірқатар мемлекеттік және қоғам қайраткерлері де марапатталды.
Екі ел басшыларының келіссөзі
Бұған дейін Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға келіп, «Ата-Бейіт» мемориалында Шыңғыс Айтматовтың рухына тағзым етті. Кейін қазақстандық және қырғыз делегациялары арасында келіссөздер өтті.
Тараптар саяси, көлік-транзит, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.