Тоқаев Бішкекте әкесінің есімі берілген мектепке барды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға жасаған ресми сапары барысында Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназиясына барды, деп хабарлайды NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мектеп-гимназияға екі ел президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бірге ат басын тіреді.
Аталған білім ордасының ғимаратында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Дәл осы жерден белгілі жазушы, отан қорғаушы Кемел Тоқаев майданға аттанған болатын.
Биыл мамыр айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың бастамасымен мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді.
Сапар барысында мемлекет басшысы мектеп ұжымы мен оқушыларымен тілдесті.
Тоқаевтың Қырғызстанға сапары
Бұған дейін Қазақстан президентін Қырғызстанға ресми сапармен келген сәтінде әуежайда Садыр Жапаров қарсы алған еді.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев “Ата-Бейіт” ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барып, көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың рухына тағзым етті.
Сондай-ақ екі ел басшылары Бішкекте ресми келіссөздер өткізіп, саяси, көлік-транзит, энергетика, су, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға да ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты “Алтын Қыран” орденімен марапаттады. Сонымен бірге бірқатар қырғыз мемлекет және қоғам қайраткерлері де наградаға ие болды.
Осы сапар аясында екі ел президенттері Бішкектегі Қазақстан мен Қырғызстан достық аллеясында “Достықтың алтын көпірі” ескерткішінің ашылуына қатысты.