Шымкенттегі даулы видеодан кейін мәслихат депутаты сөгіс алып, қамауға алынды

«Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы даулы видеода түсірілген адамның Байдібек аудандық мәслихатының депутаты, партия мүшесі Ерғали Аманбаев екенін растады, деп хабарлайды NUR.KZ партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Филиалдың мәліметінше, депутат жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған.
“Жасалған құқықбұзушылықтардың сипатын ескере отырып, Байдібек аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы негізінде Ерғали Аманбаевқа партиялық жаза ретінде «сөгіс» берілді. Партия депутаттардың партия жарғысын және этика кодексін сақтауына қатаң мән береді”, – делінген хабарламада.
Ал Шымкент соты Telegram-арнасы арқылы жүргізушіге қатысты шешім жариялады.
2025 жылғы 20 тамызда Lexus автокөлігін тексеру барысында ондағы 777… мемлекеттік нөмірдің басқа көлікке тіркелгені анықталған.
Сот дерегінше, кінәлі адамның әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және айғақ заттарды тәркілеу актісімен расталды.
Сотта Е. нөмірді көлігін ағасы орнатып кеткенін, өзі байқамағанын айтып, қатаң жаза бермеуді өтінді.
Алайда сот шешімімен депутат 4 тәулікке қамауға алынды және бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде жол ережелерін өрескел бұзған бейнежазба тараған болатын. Кадрларда көліктен жолаушының тікелей жол айырығында түскені, жүргізуші мен жолаушының белдікті тақпағаны және көліктің қарсы жолақта тұрғаны көрінген. Журналист Михаил Козачков жариялаған роликтен пайдаланушылар депутатты таныған еді.