Спорт

Елена Рыбакина US Open – 2025 турнирін ірі жеңіспен бастады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың ашық чемпионатында (US Open 2025) сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды dailykz.

Әлемдік рейтингте 10-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда 16 жастағы америкалық Хульета Парехамен күш сынасты. Әлемдік тізімде 335-орынға жайғасқан жас спортшы ұйымдастырушылардан арнайы шақырту (wild card) алған еді.

Матч бар болғаны екі сетке созылып, Рыбакинаның айқын жеңісімен аяқталды – 6:3, 6:0. Қазақстандық теннисші алғашқы матчболды-ақ сәтті жүзеге асырып, жеңісті қанжығасына байлады.

Барлығы 1 сағат 2 минутқа созылған ойында Елена алты эйс жасап, бір ғана қос қателік жіберді. Ол сегіз брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланып, өз подачасын бір де бір рет қарсыласына бермеді.

Келесі айналымда Рыбакина 18 жастағы чехиялық Тереза Валентовамен кездеседі. Әлемдік рейтингтің 96-сатысында тұрған спортшы негізгі сеткаға іріктеу кезеңі арқылы өтті. Алғашқы ойында ол италиялық Лючия Бронцеттиді 6:3, 3:6, 6:4 есебімен ұтқан болатын.

Айта кетейік, US Open – маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирі. Ол Нью-Йорктегі хард корттарда өтеді. Бұған дейін жарыста Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева да сәтті өнер көрсетіп үлгерген еді.

Елена Рыбакина US Open – 2025 турнирін сенімді жеңіспен бастап, жанкүйерлерін қуантты.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button