Үш жылдық бюджет жобасы: шығыстарға қатаң бақылау енгізіледі

Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатын тиімді пайдалану және шығыстарға қатаң бақылау орнату қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды dailykz Үкіметке сілтеме жасап.
Бюджет кодекстеріне сәйкес жаңа жоба
“Республикалық бюджет пен жалпы трансферттер жаңа Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес әзірленді. Барлық мемлекеттік органдар елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуі тиіс. Бюджет қаражатын барынша тиімді әрі уақытылы пайдалану, сонымен бірге шығыстарды қатаң бақылау өте маңызды”, – деді Олжас Бектенов.
Әлеуметтік бағдар және экономикалық өсім
Премьер-министрдің айтуынша, үш жылдық бюджет жобасы әлеуметтік бағытта қалыптасқан. Сонымен бірге экономика өсімін ынталандыруға бөлінетін шығыстар үлесі 16%-ға дейін артқан.
“Президенттің тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік бағдарын сақтап отыр. Алайда экономика өсімін қолдауға арналған шығындар биылғы 11%-дан (10,9%) 16%-ға (16,1%) дейін ұлғаяды. Бұл – ұлттық инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті қолдау және ынталандыру шаралары. Олар өңірлердің дамуына оң ықпал етіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді”, – деді Бектенов.
Үкімет алдындағы міндеттер
Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесе отырып, заң жобаларын 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізу тапсырылды.
Салық және бюджет кодекстеріндегі өзгерістер
Еске сала кетейік, бүгін Қаржы министрі Мади Такиев Үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Бұған дейін Сенатта жаңа Салық кодексі қаралып, бюджет кірістерінің ұлғаятындығы айтылған еді.
30 сәуірде Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін және салық салуға қатысты түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Ал 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойып, оның 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін жариялады. Оған дейін, 15 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Бюджет кодексін бекіткен болатын.
Салық жүйесіндегі жаңалықтар
Жаңа Салық кодексінде бірнеше маңызды өзгеріс бар:
- бастапқыда ұсынылған 20% мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендетілді;
- ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін көтерілді;
- дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС енгізілді: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%.