Қазақстандық мергендер Шымкенттегі Азия чемпионатында тағы бір медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Шымкентте өтіп жатқан 2025 жылғы спорттық ату бойынша Азия чемпионатында кезекті медальға қол жеткізді, деп хабарлайды dailykz Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.
Жарыстың кезекті күні Айжан Досмагамбетова мен Алишер Айсалбаев аралас жұптық “трап” сайысында қола жүлдегер атанды.
Осы жарыста Қытай Тайбэйінің спортшылары да қола медаль иеленсе, финалда Қытай құрамасы Кувейт командасын ұтып, чемпион атанды.
Айта кетейік, бұл медаль – Алишер Айсалбаев үшін Азия чемпионатындағы алғашқы, ал Айжан Досмагамбетова үшін екінші жүлде.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасының қоржынында:
- 2 алтын,
- 3 күміс,
- 3 қола медаль бар.
Командалық есеп бойынша ел құрамасы үшінші орында тұр. Ал көш басында – 15 алтын алған Қытай мен 9 алтынға қол жеткізген Үндістан.
Қазақстандық мергендер Шымкент төрінде өткен Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, ел намысын абыроймен қорғауда.