“Ливерпуль” 150 млн еуроға жуық қаржы жұмсап, трансферлік рекордын жаңартты

Ағылшынның әйгілі «Ливерпуль» футбол клубы швед шабуылшысы Александр Исакпен рекордтық келісімшартқа отырды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dailykz.
Трансфер терезесінің соңғы күнінде ресми түрде жүзеге асқан бұл келісім «Ньюкасл Юнайтедтен» Исактың ұзақ мерзімді келісімшартпен «Ливерпульге» ауысуымен аяқталды.
Transfermarkt порталының дерегінше, Исактың трансфер құны 144 млн еуроны құрады. Осылайша, «Ливерпуль» тарихындағы ең қымбат сатып алуды жүзеге асырды. Бұған дейін клубтың рекорды неміс жартылай қорғаушысы Флориан Вирцтің 125 млн еуроға алынуымен байланысты еді.
The Sun басылымының мәліметінше, «қызылдар» Англия Премьер-лигасының да рекордын жаңартты. Жазғы трансфер кезеңінде орнатылған ең қымбат келісім қайтадан «Ливерпульге» тиесілі болып отыр. Қазіргі таңда Исактың ауысуы АПЛ тарихындағы ең қымбат трансфер саналады.
Еске сала кетейік, Германия құрамасының шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Флориан Вирц 2025 жылдың маусым айында «Ливерпульге» қосылған еді. Ол кезде бұл келісім АПЛ тарихындағы рекордты трансфер атанып, әлемдік рейтингте футбол тарихындағы ең қымбат алты келісімнің қатарына енген болатын.
Александр Исактың 144 млн еуроға «Ливерпульге» ауысуы ағылшын футбол тарихындағы ең қымбат трансфер ретінде есте қалмақ.