Алькарас Джоковичті жеңіп, US Open финалында Синнермен кездеседі

2025 жылғы АҚШ-тың ашық чемпионатында (US Open) ерлер арасындағы жекелей сында финалистер анықталды. Чемпиондық атақ үшін Янник Синнер мен Карлос Алькарас таласады, деп хабарлайды dailykz.
Жартылай финалдың нәтижелері
Қазақстан уақытымен сенбіге қараған түні маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалдық кездесулері өтті.
Әлемдік рейтингтің екінші нөмірі Карлос Алькарас Сербия теннисшісі, жетінші ракетка Новак Джоковичті үш сетте жеңді. Қорытынды есеп — 6:4, 7:6 (7:4), 6:2.
Жартылай финалдың екінші ойынында әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер канадалық Феликс Оже-Альяссиманы (27-орын) 6:1, 3:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Синнер мен Алькарас: маусымдағы басты бәсеке
Итальяндық теннисші осы маусымда барлық «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шықты. Ол Australian Open мен Уимблдонды жеңіп алды, ал «Ролан Гарроста» Алькарасқа есе жіберген болатын. Бұған дейін Синнер US Open турнирінде де бір рет жеңіске жеткен.
Алькарас болса, АҚШ ашық чемпионатын алғаш рет 2022 жылы ұтқан. Биыл испандық теннисші «Ролан Гаррос» пен Уимблдон финалында бақ сынады, бірақ Лондондағы шешуші ойында Синнерге жол берген.
Финал қашан өтеді?
Әлемнің қос мықтысы — Янник Синнер мен Карлос Алькарас арасындағы финалдық кездесу 7 қыркүйек күні, Астана уақытымен сағат 23:00-де Нью-Йорктегі хард кортта басталады.