Қазақстанда 1 миллионнан астам адам 85 мың теңге және одан аз жалақы алады – Еңбек министрлігі

Мәжілістегі отырыс барысында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінен аз табыс табатын азаматтар туралы ресми статистиканы жариялады, деп хабарлайды dailykz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда 790 мың қазақстандық ең төменгі жалақы – 85 мың теңге алса, тағы 329 мың адам осы мөлшерден де аз табыс табады. Жалпы саны – 1,1 миллионнан аса азамат.
«Біздегі есеп жүргізу тәсілі нақты әрі ашық. Мәліметтер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен әлеуметтік сақтандыру қорына түскен төлемдерден алынады. Сондықтан бұл деректерге сенуге болады», – деді Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар, министр ауылдық жерлерде ең төменгі еңбекақы берілетінін атап өтті. Оның сөзінше, көптеген жұмыс берушілер толық емес жұмыс күнімен немесе қысқа мерзімді келісімшартпен қызметкерлерді тартып, салық төлеуден жалтарады.
Жақыпова ірі ұйымдардың да заңды айналып өтіп, қызметкерлерді ресми тіркемей еңбегін пайдаланатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ЕАЭО-дағы көрші елдерінен жалақы өсімі жағынан артта қалғаны хабарланған еді. Елде номиналды еңбекақы көтерілгенімен, нақты өсім жылына небәрі 0,3% болды. Бұл – одақтағы ең төмен көрсеткіш.
Яғни, Қазақстан – ЕАЭО елдерінің ішінде инфляция жалақы өсімін толықтай «жеп қойған» жалғыз мемлекет болып отыр. Ал көршілес елдер халық табысын жылдам арттырып, Қазақстанды қуып жетуге жақындап қалды.
Еске салсақ, ең төменгі жалақы – жұмыс берушілер белгілеуге тиіс ең аз шек. Оның артуы белгілі бір деңгейде табысты көбейтеді, алайда тым жоғары көрсеткіш экономикалық қауіптер тудыруы мүмкін. Сарапшылар бұған дейін «егер Қазақстанда ең төменгі жалақы 500 мың теңгеге дейін көтерілсе, не болатыны» туралы пікір білдірген еді.