Ауыл шаруашылығының дамуы және цифрлық трансформация: Қарағанды облысында Президент тапсырмалары жүзеге асырылуда

Қарағанды облысының әкімдігінде Мемлекет басшысының Жолдауы нәтижелеріне арналған отырыс өтті. Кездесуге қатысушылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған жобаларды талқылады, деп хабарлайды dailykz.
Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл
8 қыркүйекте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенін трансформациялау бойынша нақты міндеттерді белгілеген болатын. Басым бағыттар қатарында аграрлық ғылымды жаңғырту, агротехнологиялық хабтар құру, экспортқа бағытталған өндірісті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саланы цифрландыру және ауылшаруашылық кооперациясын қолдау бар.
«Біздің өңір агроөнеркәсіптік сектор дамыған аймақ болып саналады. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер егістік алқаптарын да, ірі қара мал санын да едәуір арттырды. Біз 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарынан 14-ын өндіреміз, ал алты бағыт бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге жеттік», — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бүлекпаев.
Облыста ауылшаруашылық кооперациясы дамып, инфрақұрылым жаңартылып, егістік алқаптары ұлғайтылуда. АПК саласында 23 миллиард теңгеден астам қаражатқа 30 жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 480-нан астам микрокредит беріліп, 816 жұмыс орны құрылды, ондаған кооперативтер қалыптасуда.
Қазіргі уақытта Осакаров ауданында 28 мың тонна дәнді сақтау мүмкіндігі бар заманауи элеватор салу жобасы іске асырылуда. Бұл көрші ауылшаруашылық бірлестіктерінің өндірілген өнімді тасымалдау және сақтау шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
АПК объектілері мен жаңа жобалар
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков 2025 жылы іске қосылған АПК маңызды нысандары туралы баяндады.
«Биыл 1100 бас малға арналған сүт фермасы іске қосылып, жылына 9 мың тонна сүт өндірілетін болады, сонымен қатар жылына 200 тонна сүт өнімін шығаратын сүт өңдеу зауыты ашылды. Сондай-ақ, 6000 бас ірі қара малға арналған сүт фермасы салынуда, жылына 55 мың тонна сүт өндіріледі. Осы жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құрып, өңірдегі азық-түлікпен қамтылуды арттыруға мүмкіндік береді», — деді Руслан Кенжебеков.
Сонымен қатар, Қарағанды облысында агротехнологиялық хаб құрылады — бұл жерде озық ғылыми әзірлемелер, білім беру бағдарламалары және бизнес-платформалар шоғырланады. Хаб ауыл шаруашылығында инновациялық өсуді, өнімділікті арттыру мен сапаны жақсартуды, сондай-ақ білім мен технологияларды экспорттауды ынталандыратын драйвер болмақ.
Цифрлық инновациялар — өмірдің барлық саласында
Мемлекет басшысының Жолдауында цифрлық трансформация мәселесіне ерекше мән берілді. Қарағанды облысында жасанды интеллект технологияларын қолданатын бірнеше жоба жүзеге асырылуда, бұл халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге маңызды әсер етеді.
Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий отырыс барысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасын автоматты жинау және талдау жүйесінің жұмысын таныстырды. Нейрондық желі деректерді онлайн дереккөздерден, әсіресе өңірлік сауда желілері сайттарынан алады. Алынған ақпарат жедел сводкалар мен аналитикалық есептер түрінде ұсынылады, бұл баға өзгерістеріне тез әрекет етуге және тұтынушылық нарықтағы жағдайды терең талдауға мүмкіндік береді.