«Бұл дұрыс емес»: «Қайрат» бас бапкері жекелеген футболшыларға қымбат сыйлық беруді сынға алды

Алматының «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин 5 қазан күні жекелеген ойыншыларға қымбат сыйлық беру тәжірибесін сынға алып, мұндай әрекет командалық қағидаларға қайшы екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Sportarena.kz дерегінше, «Жетісу» командасымен өткен ойында (5:0) жеңіске жеткеннен кейін Уразбахтин 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрзаға қатысты жағдайды түсіндірді. Еске салайық, жас ойыншыға «Реалмен» болған матчтан (0:5) кейін бір отандық кәсіпкер автокөлік сыйға тартқан еді.
«Әрине, бизнесмендердің сыйлық беруіне тыйым сала алмаймыз. Бірақ бір ойыншыны бөліп көрсету — дұрыс емес. Футбол — бұл командалық спорт. Егер көмектескісі келсе, клубтың өзіне көмектессін. Немесе сыйлық беретін болса — бәріне бірдей берсін. Мен сыйлық берушілерге ақыл айта алмаймын, бірақ біздің ұстанымымыз айқын: біз — бір команда. Егер сыйлық болса, ол командалық болуы керек. Мысалы, автобус немесе шағын автобус сияқты. Бұл — менің жеке пікірім, алайда мұндай жекелей марапаттауларды құп көрмеймін», — деді бас бапкер.




