Қазақстанда 1 жұмыс сағаты қанша тұрады – аналитиктер есептеді

Қазақстанда 1 сағаттық еңбек құны қанша? Аналитиктер елдегі еңбектің бағасын есептеп, қазақстандықтар орта есеппен сағатына 2 334 теңге табатынын анықтады. Қай салаларда еңбекақы жоғары екенін толық қараңыз dailykz материалында.
Қазақстандағы жалақы көптеген факторларға байланысты: қызметкер тәжірибесі, саласы, лауазымы, білімі және өндіріс орналасқан аймақ.
Орташа еңбек құны мен аймақтық айырмашылықтар
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы бір сағаттық жұмыс құны орта есеппен 2 334 теңге болып отыр. Ер азаматтар үшін сағаттық табыс 2 637 теңге, ал әйелдер үшін 2 046 теңге.
Аймақтық тұрғыда да айырмашылықтар байқалады. Ең жоғары жалақы Алматыда – сағатына 3 157 теңге, кейін Ұлытау – 3 091 теңге, ал Атырау облысы үшінші орында – 3 042 теңге.
Сонымен қатар Маңғыстау облысы мен Астанада да орташа деңгейден жоғары – сәйкесінше 3 021 теңге және 2 833 теңге. Ең төмен жалақы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген – орта есеппен сағатына 1 666 теңге.
Кәсіби деңгейге байланысты айырмашылықтар
Сағаттық жалақы адамның кәсіби деңгейіне де тәуелді. Мысалы, біліктілігі төмен қызметкерлерге орташа есеппен 1 023 теңге төленеді. Ал кәсіби мамандар 2 534 теңге алады.
Ең көп табыс көріп отырғандар – басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер. Олардың орташа сағаттық еңбекақысы 4 069 теңге, бұл елдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.
Алайда әрқашан басшылар ең көп табыс табатыны сөзсіз емес. Мысалы, бұрын біз бір айда бірнеше миллион теңге табатын мамандар туралы жазған едік.
Соңғы кезде Қазақстандағы медианалық жалақы да белгілі болды – яғни елдегі жалақы шкаласының ортасында тұрған азамат қанша алады.
Басқа материалымызда сіз орташа айлық жалақысы 1,3 млн теңге болатын қазақстандықтар туралы толық ақпарат таба аласыз.




