Қазақстан жасөспірімдер Азия ойындарында тағы екі алтын медаль жеңіп алды

Манамада (Бахрейн) өткен жазғы жасөспірімдер Азия ойындарында Қазақстан таэквондо құрамасы алтын және күміс медальдарды иеленді, деп хабарлайды dailykz ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Қазақстандық таэквондошы Евгений Васенкин 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жасөспірімдер Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды. Финалдық кездесуде жерлесіміз Өзбекстан құрамасының өкілі Асадбек Самандаровты айқын жеңді. Жекпе-жек 2:0 есебімен Васенкиннің пайдасына аяқталды.
Сонымен қатар, Нурали Махмут 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальға ие болды. Финалда қазақстандық спортшы Өзбекстанның Омадбек Отабековынан жеңіліп, жекпе-жек 2:1 есебімен аяқталды.
Қазақстан құрамасының муай-тай спортшысы Альбина Жұминова жасөспірімдер Азия ойындарында бірінші орынға көтерілді. 16-17 жас санатындағы 51 келіге дейінгі салмақтағы шешуші кездесуде ол Камбоджадан келген Срейпен Омды 30:27 есебімен жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қазіргі таңда жалпы есепте жеті алтын медаль иеленді.




