Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды dailykz Ақордаға сілтеме жасап.
Келешектегі мемлекеттік сапар талқыланды
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан Президентінің алдағы уақытта Ресей Федерациясына жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшылары Мәскеуде өтетін алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамытудағы ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, телефон арқылы әңгіме кезінде қазіргі әлемдік жағдайдың жекелеген аспектілері де сөз болды.
Бұған дейінгі кездесулер мен сөйлесулер
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен «Орталық Азия – Ресей» саммиті аясында Владимир Путинмен жүздескен болатын. Сол кездесу барысында Тоқаевтың 12 қарашада Ресейге ресми сапармен баратыны хабарланған еді.
Сондай-ақ, 7 қазанда Мемлекет басшысы Тоқаев Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесіп, оны туған күнімен құттықтаған болатын. Бір аптадан кейін тараптар тағы да телефон арқылы байланысып, алдағы сапардың егжей-тегжейін талқылаған еді.




