Астанадағы Достық үйінде халықаралық ғылыми конференция өтті

Астанадағы Достық үйінде заманауи қоғамдағы әлеуметтік және этносаралық қақтығыстарды реттеу мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды dailykz.
Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Болгария және басқа елдерден келген ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік сектор мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Профессорлар, ғылым докторлары, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері және медиаторлар панельдік сессия барысында өз ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Конференцияның ұйымдастырушысы — Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы. Іс-шараның басты мақсаты — этносаралық және әлеуметтік қақтығыстардың алдын алудың тиімді тетіктерін талқылау, тәжірибе және ғылыми көзқарастармен бөлісу болды.
Осы күні Достық үйі түрлі елдердің ғалымдары мен медиаторлары үшін ашық пікірталас алаңына айналды. Қатысушылар сөз барысында диалог, медиация, ымыра, өзара құрмет секілді ұғымдардың қоғам тұрақтылығы үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға айрықша үлес қосып келеді. Бұл институттың үш онжылдық бойы үздіксіз қызмет етуі — оның қоғамдағы маңыздылығын айқын көрсетеді. Бүгінде ҚХА қазақстандық бірлік пен бейбітшілік идеясын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Астана қаласы Ассамблеясы этносаралық қатынастардың алдын алу мен медиация мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2023 жылдан бастап елордада Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жанындағы Этномедиация орталығы жұмыс істейді.
Конференция қорытындысында қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты күшейту, медиаторлардың профилактикалық жұмысқа белсене қатысуы, онлайн-медиацияны дамыту үшін цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ қоғамда диалог мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық жұмысты жандандыру туралы уағдаласты.




