«Бұл баға тым қымбат болды»: КФФ бас хатшысы «Қайрат» матчтарының билет бағалары туралы айтты » DailyKz
Спорт

«Бұл баға тым қымбат болды»: КФФ бас хатшысы «Қайрат» матчтарының билет бағалары туралы айтты

Футбол жанкүйерлерін таңғалдырған баға саясаты. Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория үкімет қабырғасында сөйлеген сөзінде «Қайрат» футбол клубының билет бағаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dailykz тілшісі.

Оның айтуынша, Чемпиондар лигасы матчы кезінде билеттердің 250 мың теңгеге дейін қымбаттауы федерация тарапынан да түсіністікпен қабылданбаған.

«Біз федерация ретінде өз ұсыныстарымызды айттық. Мұндай баға – өте қымбат. Бірақ клубтың баға саясатына тікелей араласа алмаймыз, өйткені оны клубтың өзі анықтайды. Дегенмен, мұндай деңгейдегі бағаның жанкүйерлер үшін ауыр екенін жақсы түсінеміз», – деді Давид Лория.

УЕФА бекіткен стандарттар және шетелдік тәжірибе

Лорияның айтуынша, Еуропада футбол билеттерінің белгілі бір стандарттары бар.

«Мысалы, Миландағы қонақ секторының билеті біздің жанкүйерлерге бар болғаны 7 мың теңге шамасында түсуде. Яғни 7 мыңнан жоғары баға – қалыпты деңгей. Мұндай бағада адам еркін барып, ойыннан ләззат ала алады. Ал баға бірнеше есе қымбат болса, көпшілік үшін матчқа бару қиындайды», – деді ол.

Бас хатшы сондай-ақ бұл жағдайдың қазақстандық футбол тарихындағы алғашқы осындай тәжірибе екенін атап өтті.

«Біз бағаның алдағы уақытта айтарлықтай төмендеп, әділ әрі қолжетімді боларына сенеміз», – деп қорытындылады ол.

Жанкүйерлердің наразылығы және тегін кіру жағдайлары

Айта кетейік, бұған дейін де «Қайраттың» жоғары билет бағасы қоғамда қызу талқыланған еді. «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы ойынды тамашалауға билеттер сатылымға шыққан соң, қазақстандықтар стадионның жартылай бос қалуы мүмкін екенін болжаған.

Матч күні кейбір жанкүйерлер кей адамдардың тегін кіргенін, ал билеттердің бір бөлігі ірі компания қызметкерлеріне тегін таратылғанын айтып шағымданған.

«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны және билет дауы

Көп шу тудырған тағы бір жағдай – «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч. Бұл кездесудің кей билеттері 250 мың теңгеге дейін жеткен. Соған қарамастан, билет алған көптеген жанкүйер ойынға кіре алмағандарын мәлімдеді.

Кейіннен билет сату компаниясы жанкүйерлердің шағымдарына ресми түрде жауап беруге мәжбүр болды.

Related Articles

Leave a Reply

Back to top button