«Жеңілген командаға сыйлық берілмейді»: КФФ бас хатшысы «Қайраттағы» жағдайға пікір білдірді » DailyKz
Спорт

«Жеңілген командаға сыйлық берілмейді»: КФФ бас хатшысы «Қайраттағы» жағдайға пікір білдірді

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория үкімет кулуарында сөйлеген сөзінде «Қайрат» футболшыларына берілген сыйлықтар туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды dailykz.

Оның айтуынша, спортта жеңіс пен жеңілістің арасы айқын, ал жеңілістен кейін сыйлық беру – қалыпты жағдай емес.

«Мен өзім футбол ойнаған кезде мұндай жағдай болған емес. Әдетте, жеңілістен кейін ешкім сыйлық бермейді. Бірақ бүгінгі күннің өз заңдылықтары бар, тренд өзгерді. Дегенмен, мұндай сыйлықтар жас ойыншылар үшін үлкен ынталандыру болуы мүмкін», – деді Давид Лория.

«Бастысы – сыйлықты дұрыс қабылдау»

Федерация өкілі атап өткендей, «Қайраттың» жас ойыншылары болашағынан үміт күттіретін спортшылар, сондықтан оларға қолдау көрсетудің теріс жағы жоқ.

«Бұл жігіттердің көбі – жас, алда оларды үлкен жетістіктер күтіп тұр. Егер оларға меценаттар сыйлық беріп, ынталандырса – бұл да жақсы. Тек сол сыйлықты дұрыс түсініп, дұрыс қабылдаса болғаны», – деп қосты ол.

Лория сонымен қатар футболдың тек ойын немесе жұмыс емес, өмір салты екенін де ерекше атап өтті.

«Негізгісі – әр ойыншы ұжымдық нәтижеге жету жеке шеберлікпен ғана емес, ортақ күш-жігермен келетінін түсінуі тиіс. Футбол – ойын да емес, жай ғана хобби де емес, бұл – өмірдің өзі», – деді ол.

«Қайрат» футболшыларына берілген сыйлықтар мен қоғамның реакциясы

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары «Қайрат» ойыншыларына Чемпиондар лигасындағы матчтардан кейін сыйлықтар табысталғанын хабарлаған болатын.

Атап айтқанда, 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза мадридтік «Реалға» қарсы матчтан кейін (0:5) автокөлік алғаны туралы жаңалық қоғам назарын өзіне аударды.

Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тіпті Ресейдің ЦСКА клубының қақпашысы Владислав Тороп сұхбат барысында осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, шағын дауға себеп болды.

Сондай-ақ, атақты қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова да бұл ақпаратқа қатысты өз ойын білдірді.

«Қайрат» бас бапкерінің реакциясы

Алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихатында футболшыларға берілген қымбат сыйлықтар туралы скептикалық пікірін айтты. Ол ойыншылардың назарын сыртқы марапаттарға емес, спорттық нәтижеге аударудың маңызды екенін еске салды.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button